Нұр-Сұлтан қаласында МАЙНЕКС Қазақстан мерейтойлық Х тау-кен геологиялық форумы өтті. МАЙНЕКС форумы Қазақстанда 2010 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұл форум Орталық Азия аймағында ұйымдастырылатын халықаралық деңгейдегі өкілетті салалық іс-шаралардың бірі болып саналады.
Форумға жыл сайын 300-ден астам тау-кен металлургиялық компаниялар, салалық министрліктер, инвестициялық компаниялар мен банктер, сервистік компаниялар қатысады. Бұл жолы форум жұмысына Қазақстаннан және 20-дан астам алыс және жақын шетелдерден тау-кен саласына жабдық өндірушілердің өкілдері жиналды.
Форумның салтанатты ашылуында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев сөз сөйлеп, жер қойнауын пайдалану саласында жүргізіліп жатқан реформалардың, атап айтқанда, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексті іске асырудың қорытындысын атап өтті. Мәселен, өткен жылдың 29 маусымынан бастап жер қойнауы туралы кодексті қолданысқа енгізу кезеңінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тарапынан «бірінші өтінім» қағидаты бойынша лицензия алуға 100 мыңнан астам блок қойылды және қатты пайдалы қазбаларды барлауға 45 лицензия берілді.
Сондай-ақ форумда жер қойнауы туралы кодекстің негізгі жаңалықтары мен әлемдік озық тәжірибе негізінде жер қойнауын пайдалану саласын реформалау жөніндегі алдағы жоспарлар айтылды.
«Жер қойнауы туралы кодексті енгізу нәтижесі 2018 жылдың басында шығарылған Фрейзер институты өткізетін жыл сайынғы «шолуда» көрініс тапты. Шолуда жүргізілген реформалардан кейін Қазақстан инвестициялық тартымдылық индексі бойынша 91 заңдық құзырет арасында 24-орынды иеленіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 49-сатыға көтерілгені көрсетілген. Сондай-ақ Қазақстанның әлемдегі 15 жетекші юрисдикция қатарына енуге нақты әлеуеті бар екені байқалды» деп атап өтті Т.Тоқтабаев.
Вице-министр сондай-ақ форумның бірінші пленарлық сессиясында жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнаманы жетілдірудің өзекті мәселелері бойынша баяндама жасады.
Форум жұмысы аясында Қазақстанның жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнамасын жетілдірудің өзекті мәселелері, геологиялық жаңалықтардың перспективалары, Қазақстандағы және Орталық Азия елдеріндегі іздеу жобаларын дамыту, тау-кен өндіру саласындағы «жасыл» экономиканы дамытудың практикалық аспектілері, кәсіпорындарды цифрлы трансформациялау, сондай-ақ құбылмалы құқықтық алаңда инвестиция тарту мен тау-кен жобаларын қаржыландырудың жаңа мүмкіндіктері бойынша талқылаулар жүргізілуде.
Источник: Egemen Qazaqstan